Атырауда Наурыз мерекесіне бөлінген 116 млн теңгеге қатысты жағдай түсіндірілді

Атырауда Наурыз мерекесіне бір дереккөзден 116 млн теңге бөлінген. Осыған байланысты тиісті мекеме басшылары түсінік берді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау, NEGE. Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменовтің айтуынша, Наурыз мерекесіне байланысты жарияланған конкурс бойынша мемлекеттік сатып алуға жауапты маман қателік жіберген.

«10 наурыз күні театр «ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес, бір дереккөзден мемлекеттік сатып алу тәсілі негізінде үш мекеменің баға ұсыныстарын сұратты. Ең төмен баға ұсынған «ARSEN» жеке кәсіпкерлігімен 116 300 000 теңгеге келісімшарт жасадық. Атқарылған жұмыстардың қаражаты қабылдау актісіне сәйкес, іс-шаралар өткізілген наурыз, мамыр, маусым айларында банктегі есепшот арқылы төленді. Мекеменің қаржылық және нормативтік құқықтық актілеріне талдау жасау барысында бұл конкурстың ашық порталда көрініс таппағанын анықтадым. Осыған орай, жауапты маманға тәртіптік жаза қолдандым» - дейді Берік Жәменов.

Оның айтуынша, жауапты маман кемшілікті жою мақсатында атқарылған, қаржысы төленген жұмыстарды ашық порталға бір дереккөзден мемлекеттік сатып алу тәсілі негізінде жариялаған. Бұл туралы театр директорына ескертпеген. Келісімшартта көрсетілген 116 300 000 теңгенің қазірге дейін 54 850 000 теңгесі игерілген.

Ал, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтың дерегіне сүйенсек, бұл мәселеге байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған.

«Кез келген мемлекеттік органның іс-шаралар жоспарына сәйкес, жыл басында облыстық мәслихаттың шешімімен қажетті қаражат қарастырылып, бөлінеді. Бұдан кейінгі процедуралардың заң шеңберінде орындалуы, қаражаттың тиімді жұмсалуы әрбір мекеменің жеке жауапкершілігінде, яғни келісімшарт шеңберіндегі қаражатты мақсатына қарай игеру Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының құзіретіне жатады. Аталған мәселенің мән-жайын анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізілуде» -деді Ақылбек Рысқалиев.

Қазір оқып жатыр

«Жалақы төмен, талап көп»: Астанадағы Maxi Шай қызметкерлері шағымданды

Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын әскери альянс ретінде сипаттайтындарға жауап берді

Нұрәлі Әлиев нағашы әжесі Сара Назарбаеваның ісін қолға алмақ

Қырғызстанда ММА шебері Медет Жээналиев қаза болды