Атырауда коронавирустан тоғызыншы адам көз жұмды. Ауруханаларда орын жоқ.
Жергілікті ATPress.kz. басылымының хабарлауынша, 81 жастағы зейнеткердің өліміне коронавирус себепкер деген диагноз қойылған.
Алматы, NEGE. 1939 жылы туған ер адам дене қызуының көтерілуімен облыстық туберкулезге қарсы диспансерге жеткізілген. Науқас әлсіреп, терлей берген, құрғақ жөтел қысып, тамаққа тәбеті тартпай қалған.
- Науқас өзін маусым айының басынан бері жайсыз сезіне бастағанын айтты. Қарт адам үйде өз бетінше емеделіп көргенімен жағдайы жақсармаған. 11 маусымда зецнеткер медорталықта тексеруден өткен соң, бірден облыстық диспансерге жеткізілді, - деп хабарлаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Атырау өңірінде коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп барады. Соңғы тәулікте тағы 16 адам ауырған. 180 орындық облыстық ауруханада қазір 200-ге жуық науқас жатыр. Облыстық басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа науқастарды Махамбет ауданындағы туберкулез ауруханасында ашылған 100 орынға арналған жұқпалы аурулар бөліміне жолдауда.