Атырауда қаңтар оқиғасында ұрланған оқ-дәрілер Жайық жағасынан табылды

Атырауда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған оқ-дәрілер Жайық өзенінің жағасынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE.  Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тергеу изоляторында отырған қаңтар оқиғасына қатысқан күдіктінің бірі тергеушіге оқ-дәрілердің сақталған орны туралы айтуға шешім қабылдаған.

«Осыған байланысты өңірлік департаментке қарасты №75 мекеме қызметкерлері Атырау облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқарма қызметкерлерімен бірлесіп, жедел іздестіру іс-шарасын өткізді. Соның нәтижесінде Жайық өзенінің Атырау қаласындағы «Балықшы» шағын ауданы тұсындағы жағасынан оқ-дәрілері көмілген орынды анықтады. Оқ-дәрілер полиэтилен пакетке салынған. Пакеттің ішінде дыбыс шығаратын 12 граната, «Fiacah 410 mag» мылтығын оқтауға арналған 6 патрон, сондай-ақ, 5,45 миллиметр калибрлі 119 патрон табылды», - деп хабарлады Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.