Атырауда 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді
Атырау қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында Самал ықшамауданындағы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Алматы. NEGE. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген жалпы білім беретін №29 орта мектептің лентасын қиып, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Оның сөзінше, 1991 жылдан бері тек Атырау қаласының өзінде 23 мектеп салынған. Биыл күн санап өсіп келе жатқан қалада 2 мектеп ел игілігіне берілген. Ал 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, үшеуінде аяқталды.
«Келер жылы Жаңаталап ауылында 300 орындық, «Балауса» ықшам ауданында 600 орындық, Ақжар-2 ауылындағы 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу үшін бірқатар жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, 4 мектептің жанынан қосымша 120 орындық жапсаржай салынды», деді.
Ал, ғимараты апатты жағдайдағы №1 М.Жұмабаев атындағы орта мектеп орнына алдағы уақытта 160 орындық жаңа ғимарат салу жоспарлануда екен.
Облыс басшысы Махамбет Досмсұхамбетов «Мұның барлығы Тәуелсіздіктің тірегі — жас буынның сапалы білім алуы үшін жасалған жағдайлар. Өйткені, сапалы білім ғана саналы ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Осы мақсатта Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе отырып арнайы жол картасын дайындап жатқанымызды айта кеткім келеді» - деді.
Үш қабатты мектеп ғимаратында 200 орындық акт залы мен 130 орынға арналған асхана, жаңа үлгідегі психология кабинеті мен медициналық пункттер бар. Су жаңа білім ошағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.