Атырауда шенеунік жұмбақ жағдайда көз жұмды

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Асаиновтың мәйіті 18 қазанда өз пәтерінен табылған. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.

gov.kz

Астана, NEGE. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, шенеуніктің қайтыс болғанына екі аптадай уақыт өткен болуы мүмкін. Оның қазасын әріптестері де растаған.

«Ақ Жайықтың» дереккөздері Асаиновтың өліміне дейін бауырымен жанжалдасуы мүмкін екенін айтады. Болжам бойынша, екеуі бірге ішімдік ішкеннен кейін сөзге келіп қалған. Жанжал кезінде бауыры Асаиновты ұрып, кейін пәтерден кетіп қалған болуы мүмкін.

Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Аталған жанжалдың шенеуніктің өліміне қатысы бар-жоғы да белгісіз.

Атырау облысының полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір тергеу жүріп жатыр. Асаиновтың нақты неден қайтыс болғаны әзірге айтылмады.

Бауыржан Асаинов бұған дейін прокуратурада және басқа да мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарған.