Атырауда оқушылар көшеден тауып алған ақша толы әмиянды полицияға тапсырып, көпшілікті сүйсінтті
Атырау облысындағы Нұрсая шағынауданында 5-6-сынып оқушылары көшеден әмиян тауып алып, ішіндегі ақшаны өзара бөлісіп алмай, иесіне қайтару үшін полицияға тапсырды.
Астана, NEGE. Оқиға шағынауданда патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып жүрген кезде болған. Полицейлерге бір топ оқушы келіп, көшеден 300 мың теңгеге жуық ақшасы бар әмиян тауып алғанын хабарлаған.
Полицейлер жедел түрде әмиян иесін анықтап, жоғалған ақшасын қайтарып берді. Әмиянның иесі қомақты сомасы табылғанына риза болған.
«11-12 жастағы балалардың адалдығы мен полицияға деген сенімі – олардың ата-анасының дұрыс тәрбиесі мен болашағымыздың жарқын екенінің дәлелі», – дейді атыраулық полицей.
Мектеп жасындағы балалардың адалдығы мен жауапкершілігі көпшілікті сүйсінтті.