Атырауда NCOC қызметкерін өлтіріп кеткен күдікті ұсталды
29 сәуір күні, Атырауда өз үйінде 45 жастағы Бибігүл Шпанованың денесі табылды, деп хабарлайды «АқЖайық» басылымы.
Алматы, NEGE. Ол мұнай-газ саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар NCOC компаниясының бөлім басшысы болған. Полиция мәліметтері бойынша, әйелдің денесінде пышақ жарақаттары анықталған, ал пәтеріндегі сейф ашылған.
Марқұмның туыстары Адам құқықтары бюросына жүгініп, жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті. Олар қылмыстың оның кәсіби қызметімен байланысы болуы мүмкін деп есептейді.
Полиция күдіктіні –1987 жылы туған азаматты ізін суытпай ұстағанын хабарлады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Адам өлтіру» бабы (ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, тергеу жүргізілуде.
Бүгін Адам құқықтары бюросы Facebook парақшасында ресми хабарлама жариялады. Онда Шпанованың ірі ұлттық жобаларға, соның ішінде Қашаған кен орнын игеруге байланысты жобаларға қатысқаны айтылған. Оның қазасына байланысты Адам құқықтары бюросы бірнеше талап қойды:
- Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті тергеу;
- Барлық нұсқаларды қарастыру, соның ішінде қылмыстың марқұмның кәсіби қызметімен байланысын тексеру;
- Отбасына толық әрі шынайы ақпарат беру, оның ішінде іс материалдарын қолжетімді ету;
- Тергеудің ашықтығы және барлық қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тарту.
– Сотқа дейінгі тергеу барысы Атырау облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге және жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырамыз, – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.