Атырауда Наурыз мерекесі кезінде 78 бала жоғалып кетті

Қалада Наурыз мерекесі тойланып жатқан кезде ата-аналар балаларынан көз жазып қалған.

azh.kz

Астана, NEGE. Атырауда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар кезінде 78 бала қалың жұрттың арасында ата-анасынан көз жазып қалған. Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Исатай-Махамбет алаңында тіркелген.

Мамандардың ақпарынша, балалардың басым бөлігі бір сағат ішінде табылған. Дегенмен бір жасөспірімді іздеу жұмыстары шамамен үш сағатқа созылған.

Сондай-ақ, 7 жастағы бала ата-анасынан адасып қалып, өз бетімен анасының жұмыс орнына барғысы келген. Бала бейнебақылау камераларының көмегімен табылып, анасына аман-есен тапсырылды.

Құзырлы органдар мұндай жағдайлар мереке кезіндегі қарбалас пен қалың жұрттың арасында жиі кездесетінін атап өтті. Осыған байланысты ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмай, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берілді.