16 декабря 2025 г. 11:01

Атырауда Halyk Bank облыстық филиалының жаңа ғимараты ашылды

Фото: Атырау облысының баспасөз қызметі

Атырауда Halyk Bank облыстық филиалының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қатысты.

Жаңа кеңсе қаланың іскерлік орталығында орналасқан. Жалпы аумағы 9 000 шаршы метрден асатын ғимарат — банктің Атырау аймағындағы ең ірі жобаларының бірі. 2024 жылы басталған құрылысқа құйылған инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асты. Жаңа кеңседе заманауи технологиялық шешімдер қолданылған және айына 5 мыңнан астам клиентке қызмет көрсетуге шақталған. Бұл қызмет сапасын, қауіпсіздік пен жайлылықтың жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді.

Атырау облысының баспасөз қызметі

Рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов банктің өңірдің дамуындағы маңызды рөлін атап өтті. 

Halyk Bank еліміздің және Атырау облысының экономикасына елеулі үлес қосып, қаржы секторын дамытуға қолдау көрсетіп, бюджетке түсімдерді қамтамасыз етіп келеді. Су тасқыны кезінде аймақтың сенімді серіктесіне айналып, бізге жедел әрі қомақты көмек көрсетті. Halyk Bank төңірегіне өңірдегі ірі жобаларды іске асырып жатқан инвесторлардың шоғырланғанын да атап өткен жөн. Жаңа ғимарат та өңірдің дамуына қосылған үлес деп сенемін және банк ұжымына табыс тілеймін, — деді аймақ басшысы.

Жаңа ғимараттың ашылуы банктің өңірлік инфрақұрылымды нығайту және экономиканы дамытуға заманға сай жағдай жасау стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды кезең саналады.

Атырау облысының баспасөз қызметі

Атырау облысы Halyk Bank үшін негізгі өңірлердің бірі болып қала береді: 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста тіркелген корпоративтік клиенттердің несие портфелі 428 млрд теңгеге жетсе, шағын және орта бизнесті несиелеудегі банк үлесі — 52 пайыз.

Halyk Group экономикалық жобалармен қатар, белсенді түрде өңірлердің әлеуметтік дамуына инвестиция құйып келеді. 2020–2025 жылдар аралығында білім беру, денсаулық сақтау, экология, мәдениет және спорт салаларындағы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға 143,8 млрд теңге жұмсалған.