Атырауда ер адам әйелінің көңілдесі делінген жігіттен 2,5 млн теңге талап еткен
Атырау облысында 2,5 млн теңге бопсалады деген күдікпен Индер ауданының тұрғыны ұсталды.
Астана, NEGE. «Ақ Жайық» басылымының ақпаратынша, ер адам әйелін көңілдесімен бірге ұстап алған деген болжам айтылады. Осыдан кейін екі ер адамның арасында жанжал шығып, күдікті қарсыласын соққыға жыққан. Кейін одан моральдық шығын өтемі ретінде 2,5 миллион теңге талап еткен.
Жәбірленуші бұл талапты орындаудан бас тартып, полицияға жүгінген. Осыдан кейін құқық қорғау органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, арызданушыға қажетті ақшаны беріп, күдіктімен кездесуін ұйымдастырған.
Ақшаны беру кезінде ер адам Привокзальный ықшамауданында ұсталып, тінту кезінде одан 2,2 миллион теңге тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қорқытып алу бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары ресми түрде жарияланған жоқ.