Атырауда дрон арқылы химиялық ерітінділер себілуде

Атырауда жауын-шашынның жиі жаууы мен теңізден соққан желдің әсерінен маса көбейіп кеткендіктен, дезинсекциялық жұмыстар күшейтілген.

pixabay.com

Астана, NEGE. Әкімдік мәліметінше, маса улау жұмыстары 3-кезеңді қамтиды. Мамандар дрон арқылы шашылып жатқан дәрілік заттар адам мен жан-жануарға зиянсыз екенін айтады.

«Дезинсекция кезінде "Агран", "Мистраль", "Фаскон", "Сольфак" және "Циперметрин" препараттары қолданылады. Бұл құралдар адамдар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз. Барлық ерітінділер арнайы зертханада дайындалып, тиісті тексеруден өтеді», – деді дезинсекциялау жұмысына жауапты компания өкілі Гүлсара Махметқызы.

Әсіресе маса көп таралған Ерік көпірі мен Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы «Сасық сай» учаскесіне ерекше назар аударылған. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістері, су айдындары мен ылғалды аумақтар залалсыздандырылуда.

Дрон арқылы шашылатын ерітінді 300 метр радиуста таралып, әсер ету аумағы 2 шақырымға дейін жетеді. Дезинсекциялау күн сайын кешкі сағат 22:00-ден түнгі 02:00-ге дейін жалғасады, масаның көбеюіне қарай аптасына 1–2 рет атқарылады.

Дәрілеу жұмыстары жаз бойы жалғасады, тек қатты жел немесе жауын-шашын кезінде уақытша тоқтатылады.