26 декабря 2025 г. 17:22

Атырауда азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған ірі логистикалық орталық ашылды

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облысында заманауи агрологистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды жоба – ITC WEST логистикалық орталығы жұмысын бастады. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, ұжымды құттықтады, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

​Көкөніс сақтау қоймасының жалпы аумағы 8 200 шаршы метр. Мұнда 28 сақтау камерасы бар. Температуралық деңгей минус 25 градустан плюс 25 градусқа дейін реттеледі. Сондай-ақ температура мен ылғалдылықты автоматты түрде бақылайтын жүйелер, заманауи тоңазытқыш қондырғылар, желдету және микроклиматты басқару жүйелері орнатылған. Энергияны үнемдейтін инженерлік шешімдер нысанның үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

«Екі жыл бұрын облыс тұрғындарын негізгі азық-түлік өнімдерімен тиімді бағамен қамтамасыз ету мақсатында логистикалық орталықтың құрылысы басталған еді. А санатындағы қоймалар мен теміржол тармағы салынды. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасайды. Мемлекет пен облыстық әкімдіктің қолдауымен сыйымдылығы 15,5 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасы салынды.

Атырау облысы әкімдігі

Орталықта Батыс Қазақстанда банан пісіретін арнайы камера іске қосылды. Тұтынушылардың сұранысына қарай банандарды кезең-кезеңімен пісіріп, нарыққа шығару мүмкіндігі бар», – деді орталық басшысы Бауржан Жолмұханов.

Логистикалық орталықтың жалпы аумағы 30 гектар. Нысан қолайлы жерде орналасқан. Мұнда 5 теміржол тармағы, контейнерлік алаң, жеке автопарк, А санатындағы қоймалар (5 400 шаршы метр), өндірістік кешендер және көкөніс сақтау қоймасы бар.

Тегтер: