Атырау тұрғынынан киік мүйіздері мен аңшы мылтығы тәркіленді

Атырау облысының тұрғыны 18 киік мүйізі мен аңшы мылтығын заңсыз сақтап келген, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, заңсыз іспен айналысқан тұрғын Құрманғазы ауданында тұрады.

«Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізіп, заңға қайшы әрекетпен айналысып жүрген жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікке ілінген 1998 жылғы тұрғынның 18 киік мүйізін, 16 калибрлі «ИЖ» мылтығын және 7 дана оқ-дәріні заңсыз сақтағаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексі 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.