Атырау облысында қызылша ауруының өршуінен балалар онлайн-оқытуға көшірілді

Атырау облысында қызылша ауруының өршуінен балалар онлайн-оқытуға көшірілді, деп хабарлады өңірлік коммуникация қызметінен.

Алматы, NEGE. «Жаңаталап ауылындағы Жамбыл ат. орта мектепте 5 кластың бір оқушысынан және 2-кластың екі оқушысынан қызылшаның белгілері анықталды. Соған байланысты 25 сәуірден 2 мамырға дейін екінші және бесінші класс оқушыларын қашықтықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды, себебі дезинфекциялау жұмыстары мен санитарлық тазалық жүргізу қажет», – деп мәлімдеді білім басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова.

Барлығы биыл өңірде 2 наурыздан 24 сәуір аралығында қызылша белгісі бар 15 жағдай тіркелген. Олардың алтауында зертханалық талдау нәтижесінде қызылша расталды. Төртеуінде теріс нәтиже берді. Қалған бесеуі тексерілуде.

«Науқаспен байланыста болған 216 адам дәрігерлердің бақылауында. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жеті адамға қызылшаға қарсы екпе салынды. Санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жалғасуда», – деді Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов.