Атырау облысында белгісіз себептерден мал қырылып жатыр
Атырау облысының бірқатар ауданында белгісіз себептерден мал жаппай қырылуда, деп хабарлады «Ақ Жайық».
Алматы, NEGE. «Атырау облысының Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарында мал қырылып жатыр. Әзірге себептері белгісіз», - делінген хабарда.
Өңірдегі ветеринария басқармасы журналистерге басшылық Құрманғзы ауданында іссапарда жүр деді, ал олсыз ақпарат берілмейді. Шенеуніктер болса малдың жаппай қырылуы болмағанын, тек «бірең-сараңы ғана ауырып жатқанын» мәлімдеді.
«Аққыстау ауылдық округі тұрғындарының айтуынша, теңіздің жағалауында жерден тұра алмай, өз табынынан қалып қойған жылқылар табылған. Осы жағдайға байланысты мал иелеріне өз малдарын жіті қадағалау ескертілді. Қазіргі таңда жергілікті ветдәрігерлер екі фермердің төрт жылқысын симптоматикалық емдеу шарасын жүргізуде. Олар өте әлсіз, әбден жүдеп қалған. Малдардан қан сынамасы алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға және Ұлттық референтті ветеринария орталығына жөнелтілді», - деп мәлімдеді Исатай аудандық ветеринария станциясының бастығы Аманжол Рахметов.
Ал Құрманғазы ауданы әкімдігінде Ақкөл және Құрманғазы округтерінде 10 ауру жылқыны неозидинмен, глюкозамен, А,В,С дәрумендерімен емдеп жатқандарын айтты.
«Олардың барлығы ветеринарлардың бақылауында. Жағдай тұрақты», - деп мәлімдеді Құрманғазы аудандық әкімдігінен.