Атырау облысына Ресейден дәрігерлер келді
Атырау облысындағы ушыққан эпидемиологиялық ахуалды қалыпқа келтіру мақсатында Ресейден алты дәрігер келді.
Алматы, NEGE. Үш реаниматолог, екі пульмонолог және бір инфекционист мұнайлы өңірге көмек көрсету үшін арнайы жіберілген. Олар консультациялық көмек көрсетіп, тікелей науқастарды емдеуге жұмылдырылады. Жоспар бойынша Атырауда үшінші тамызға дейін жұмыс істейді. Аймаққа жақын күндері Астрахань облысынан тағы бес медицина қызметкері келмек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров: "Облыс әкімінің Астрахань облысының губернаторымен келіссөз жасалып, сол келісім арқылы сол 5 дәрігерді күтіп отырмыз. Олар Ресей жағынан Сыртқы істер министрі беретін келісімін күтіп отыр. Біздің жақтан барлық сол дәрігерлерге жасалатын: осы жерден күтіп алу мәселесі, ұйымдастыру мәселесі бәрі дайын тұр бізде", - деді.