Атырау облысында жеті әкім қоқыс үйіндісі үшін жауапқа тартылды
Құлсары қаласының, Жаңа Қаратон кентінің және бес ауылдық округтің әкімдері елдімекендер аумағында заңсыз қоқыс үйінділері анықталғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана, NEGE. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру барысында Жылыой ауданының прокуратурасы 51 учаскеден заңсыз қалдық тасталған 62 орынды анықтады.
Мұндай үйінділер Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон кенті, сондай-ақ Қосшағыл, Жем, Ақкиізтоғай, Қараарна және Майкөмген ауылдық округтері аумағында тіркелген.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылданды. Нәтижесінде Құлсары қаласының әкімі, Жаңа Қаратон кентінің әкімі және бес ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Әкімдерден жалпы сомасы 227 мың теңге айыппұл өндірілген.
Бұдан бөлек жыл басынан бері елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ауданның 495 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған.