23 декабря 2025 г. 16:51

Атырау облысында «Таза Қазақстан» акциясы барысында жастармен кездесу өтті

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында «Eco Generation: Таза әлемге қадам» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Іс-шараны облыстық Ішкі саясат басқармасының «Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесуге оқушылар мен белсенді жастардан құралған 70 адам қатысты. Негізгі мақсат – жастар арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын жан-жақты түсіндіру, экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ жастар мен сарапшылар арасында ашық диалог алаңын құру.

Атырау облысы әкімдігі

Іс-шара фасилитация форматында ұйымдастырылып, қатысушылар командаларға бөлініп, экология тақырыбында жобалар әзірледі. Мұндай үлгі жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуына мүмкіндік берді.

Кездесу барысында фасилитация спикері Асылханым Ахмурова экологиялық сананы қалыптастыру мен командалық жұмыстың мәнін түсіндірді.

«Фасилитация форматында жұмыс істеу жастардың ойларын еркін жеткізуіне және командамен тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді. Бүгін қатысушылар экология мәселесіне жаңа көзқараспен қарап, нақты шешімдер ұсынды. Мұндай кездесулер жастардың бастамашылдығын арттырып, экологиялық жауапкершілікті нығайтады», – деді А. Ахмурова.

Атырау облысы әкімдігі

Сондай-ақ спикерлер ретінде JerEcoHub жобасының менеджері Әсел Ғұмарова, AtyrauEco ұйымының белсендісі Әлия Аманжол және «Қоқысты сұрыптау аппараты» жобасы бойынша Hackathon жеңімпазы Абдуррахман Азамат өз тәжірибелерін бөлісті.