Атырау облысында ірі қара мал қырылып жатыр: шаруалар дабыл қақты

Атырау облысы Мақат кентінің маңындағы «Білеулі ата» учаскесінде ірі қара мал қырылып жатыр. Жергілікті малшы он бас мал өлгенін айтса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы әзірге екі жағдайды ғана растаған.

Видеодан скриншот/ «Ақ Жайық» басылымы

Астана, NEGE. Жергілікті тұрғындардың малын бағатын Назбек Тастеміров «Ақ Жайық» басылымына берген мәліметінше, жануарлар бірінен соң бірі ауырып, өле бастаған. Малшының сөзінше,  бүгінде он шақты ірі қара өлді.

«Мал жатып қалады да, артқы аяқтарынан тұра алмайды. Жануарлар шөп пен жем жеуден қалады, бірте-бірте әлсіреп, өледі», – дейді ол.

Малшының болжамынша, бұған эмкар (эмфизематозды карбункул) ауруы себеп болуы мүмкін. Тастеміров әдетте бұл ауруға қарсы екпе көктемде салынатынын, алайда биыл вакцинация салынбағанын айтты.  Оның сөзінше, малдың қырылуына байланысты ол иелеріне малын қайтаруға мәжбүр.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат ресми түрде екі бас ірі қараның өлгені тіркелгенін хабарлады. 

Қазір малдың неден өлгенін анықтау үшін сынамалар алынып, зертханаға жіберілді. Сондай-ақ, шаруашылықтарда эмкар ауруына қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр.