Атырау облысында хирург МӘМС аясында тегін жүргізілетін отаға ақы алып келген
Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысында хирург-дәрігерлердің бірі алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу фактілері бойынша күдікке ілінгенін, оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Тергеу болжамы бойынша, «Family Health Clinic» ЖШС мен «Ким В.» ЖК клиникасында жұмыс істеген дәрігер науқастардан варикоз ауруына жасалатын операциялар МӘМС шеңберінде тегін жүргізілетінін жасырып, ота үшін ақы алып келген. Ал төлемді өзінің банк шоттарына аудартып отырған.
Бұған қоса «DamuMed» жүйесіне пациенттерге тегін ота жасалғаны туралы мәліметтер енгізіліп, сол арқылы медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алған.
Осылайша, бір медициналық қызмет ақысы екі рет төленген: бірі МӘМС қаражаты есебінен, екіншісі – пациенттердің өз қаражаты есебінен.
«Осылайша күдікті 42 пациенттің 8 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген. Ал көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға Қор тарапынан 14,8 млн теңгеден астам қаражат аударылған», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ҚМА мәліметінше, хирург қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы да алған.
Дәрігерге елден кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.