18 декабря 2025 г. 13:19

Атырау облысында ер адам аңшылыққа шығып, хабарсыз кеткен

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Атырау облысында 1964 жылы туған Өтебай Сабиров есімді азамат із-түзсіз жоғалды. Ол 14 желтоқсанда үйінен шығып, содан бері хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы келіні Айсұлу Мирамғалиқызы әлеуметтік желіде жариялап, көпшіліктен көмек сұрады.

Астана, NEGE. Айсұлу Мирамғалиқызының айтуынша, Өтебай Сабиров төрт күннен бері іздестіріліп жатыр. Ол 14 желтоқсанда достарымен бірге аңшылыққа шығу үшін Құлсары қаласынан 65 шақырым, Атырау қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан Ботахан кен орны аумағына жол тартқан.

Туыстарының мәліметінше, аңшылыққа шыққан топ екі көлікпен, УАЗ және «Нива» автокөліктерімен барған. Жолда УАЗ көлігі істен шығып, барлығы «Нива» көлігімен қосалқы бөлшек алу үшін Доссор бағытына бет алған. Сол сәтте Өтебай Сабиров аң аулауға өзі бөлек қалатынын айтып, қолына мылтығын алып, топтан бөлініп кеткен.

Кейінірек бірге барған азаматтар оның ұзақ уақыт бойы оралмағанын байқап, өздері Атырау қаласына қайтып кеткен. Алайда жоғалғаны туралы отбасы мүшелеріне тек кешкі сағат 21:00 шамасында хабар берілген.

Өтебай Сабировтың ұялы телефоны көліктің ішінде қалған. Ол байланысқа шықпаған. 

threads.com.assylay_uza

Іздеу жұмыстары 15 желтоқсаннан 16 желтоқсанға қараған түні басталды. Құтқару қызметтері мен еріктілер жұмылдырылып, іздестіру шаралары жалғасуда.

Жоғалған күні Өтебай Сабировтың үстінде ақ жолақты қою көк түсті арнайы киім болған. Туыстары мен жақындары азаматтардан ақпаратты барынша таратып, мемлекеттік органдарды белгілеп, қолдау көрсетуді сұрайды.

nege.kz

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жоғалған ер адамды іздеу жұмыстарына тікұшақ тартылып, құтқару жұмыстары шамамен 100 шақырым аумақта үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Іздеуге Төтенше жағдайлар департаментінің, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ жоғалған азаматтың туыстары мен таныстары шықты. Барлығы 43 адам, 11 техника және дрондар жұмылдырылды.