Атырау облысында «Алтын белгі» ала алмай қалған түлектер сотқа жүгінді
Атырау облысында орта мектептің екі түлегі оқуды үздік аяқтап, тиісті үлгідегі аттестат алғанымен, Білім басқармасының комиссиясы оларға «Алтын белгі» беруден бас тартқан.
Астана, NEGE. Басқарма мұғалімдердің бағаға түзету енгізгенін алға тартқан.
Мектеп түлектерінің заңды өкілдері бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты іс материалдарымен танысып, екі түлектің қорытынды бағалары «Алтын белгі» алу талаптарына сәйкес келетінін, Білім басқармасы әкімшілік сот ісін жүргізудің базалық қағидаттарын, оның ішінде сенім құқығын қорғау, әділдік және мөлшерлестік қағидаттарын бұзғанын анықтаған.
«Бағаларды қою, өзгерту және түзету тек педагогтердің құзыреті мен жауапкершілігіне жатады. Осыған байланысты, оқушылар мұғалімдер тарапынан болуы мүмкін қателіктер немесе процестік бұзушылықтар үшін жауапты болмауы тиіс және теріс салдары болуы мүмкін емес», – делінген сот хабарламасында
Сот педагогтер енгізген түзетулерге негізделген комиссия шешімін заң талаптарына қайшы деп танып, комиссия отырысының даулы хаттамасының күшін жойып, Білім басқармасына «Алтын белгі» беру туралы мәселені қайта қарауды міндеттеген.
Атырау облыстық соты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Сот актісі заңды күшіне енді және қазіргі уақытта орындалу сатысында.