Атырау облысында 7 жасар қызды зорлап, суға батырып жіберген ер адам өмір бойына сотталды
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында У. есімді азаматқа қатысты кәмелетке толмағанға қатысты зорлау (ҚК 120-бабы 4-бөлігі) және кәмелетке толмаған баланы қасақана өлтіру (ҚК 99-бабы 3-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Алматы, NEGE. 2025 жылдың маусымында Құлсары қаласында 7 жастағы қыз бала Құрсай өзенінің жағалауында серуендеп жүріп, үйіне қайтып бара жатқанда адасып кетіп, жолда сотталушы У.-ды кезіктірген.
Сотталушы У. алкогольдік масаң күйде болып, оған үйіне баратын жолды көрсететінін айтып алдаған, өзімен бірге жүруді ұсынған.
Қызды жаңылыстырып, оны өзен жағасына апарып, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданып, зорлаған.
Жасаған қылмысын жасыру мақсатында ол баланы ұрып-соғып, кейін өзенге батырып жіберген.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.
Сот үкімімен У. тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.