Атырау облысында 425 мыңнан астам азамат дауыс бере алады

Атырау облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Астана, NEGE. Өңірде 278 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, ал сайлаушылар тізіміне 425 095 азамат енгізілген, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, сайлауды өткізуге 374 комиссияның 2536 мүшесі жұмылдырылған.

«Дауыс беру сағат 07:00-де басталды. Ал Атырау қаласындағы әскери бөлімшелерде орналасқан екі учаске сағат 06:00-де жұмысқа кірісті», – деді Қыстаубаева.

Бірмандатты сайлау округтері бойынша 375 кандидат депутаттық мандатқа үміткер. Ал облыстық мәслихат депутаттарын сайлауға алты саяси партия қатысып жатыр. Олар барлығы 45 кандидат ұсынған.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңірде 3242 жас алғаш рет дауыс бермек. Сондай-ақ сайлаушылар тізіміне мүгедектігі бар 3341 азамат енгізілген. Олардың дауыс беруі үшін учаскелерде арнайы жағдай жасалған. Қажет болған жағдайда инватакси мен сурдоаудармашы қызметі ұсынылады.

Сайлаушылар саны мыңнан асатын 211 учаскеде азаматтардың тіркелген мекенжайын анықтауға мүмкіндік беретін онлайн-сервистер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Атырау қаласындағы алты сайлау учаскесінің жанынан уақытша тіркеуге арналған арнайы орталықтар ашылған.

Азаматтардың уақытша болатын орындарында ашылған 13 сайлау учаскесінде тізімдегі барлық сайлаушы дауыс берсе, дауыс беру мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін.