Атырау облысында 12 мың орындық 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді

Атырау облысында 2026–2027 оқу жылында 7 мектеп пайдалануға беріліп, оқушылар заманауи білім беру нысандарында оқуын бастады. Білім ошақтары Атырау қаласы, Құрманғазы және Жылыой аудандарында орналасқан.

Gov

Астана, NEGE. 1 қыркүйекте Дамбы ауылындағы 300 орындық, Көктем және Еркінқала-2 ауылдық округтеріндегі әрқайсысы 600 орындық мектептерде алғашқы қоңырау соғылды.

Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық екі мектеп, ал Жылыой ауданының Құлсары қаласында 1200 оқушыға арналған бір мектеп пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, Атырау қаласында 2 мың оқушыға шақталған Caspian BINOM School алғашқы оқушыларын қабылдады.

Gov

Мектептер заманауи оқу кабинеттері, зертханалар, кітапханалар, спорт және акт залдары, асханалармен жабдықталған. «Келешек мектептерінде» STEM, робототехника және IT бағытындағы кабинеттер мен шығармашылық шеберханалар да қарастырылған.

Ал Шоқан Уәлиханов атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. 1176 оқушыға арналған білім ордасында оқу кабинеттері толық жаңартылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды.

Биыл Атырау облысында 155 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады. Оның 15 мыңға жуығы мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.

Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін тағы екі мектеп пен бір өнер мектебін пайдалануға беру жоспарланған. Қазір облыста 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр.