17 декабря 2025 г. 15:22

Атырау облысына жыл басынан бері 300-ге жуық этникалық қазақ қоныстанды

Фото: gov.kz

Атырау облысына шет мемлекеттерден 173 отбасы немесе 259 этникалық қазақ көшіп келді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Астана, NEGE. Көшіп келгендердің басым бөлігі Өзбекстаннан – 143 отбасы. Сонымен қатар Ресей Федерациясынан – 17, Түрікменстаннан – 3, Қытай Халық Республикасынан – 9 және Моңғолиядан бір отбасы келді.

Қоныстанушылардың ішінде 158 отбасы Атырау қаласына, 7 отбасы Жылыой ауданына, 6 отбасы Құрманғазы ауданына сондай-ақ Мақат және Исатай аудандарының әрқайсысына 1 отбасыдан қоныстанды.

«2025 жылы облыста қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына 103 бірлік бөлінді. Қараша айындағы комиссия шешімімен 64 отбасынан 103 қандас квотаға енгізіліп, тиісті әлеуметтік қолдаулармен қамтамасыз етілді. Осы квота аясында 62 отбасыны (100 адам) көшіруге 70 АЕК мөлшерінде әлеуметтік төлем тағайындалды», – деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов.

Сонымен қатар 23 отбасына тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерге қаржылай көмек көрсетілді. Қосымша 5 отбасы жалпы сомасы 22,7 млн теңгені құрайтын экономикалық мобильдік сертификатпен қамтылды. Бұдан бөлек 21 қандастың мәртебесі алты ай мерзімге ұзартылды.

2025 жылдың 1 қарашасына дейін мансап орталықтарына 15 қандас жүгінген. Олардың бесеуі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Олардың ішінде екі адам тұрақты жұмысқа орналасып, екі қандас қоғамдық жұмысқа тартылса, ал бір адам қайта даярлау курсында оқып жатыр.