Атырау мұнай өңдеу зауытында төтенше жағдайлар кезінде 100 тоннадан астам газ жағылған
Атырау облысының экология департаменті тұрғындардың ауа сапасына қатысты шағымдарынан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін хабарлады.
Астана, NEGE. Тексеру барысында бірнеше экологиялық заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, шығарындыларды есептеу жүргізілмеген, зауыттағы бірқатар қондырғы бойынша шығарындылар нормалары белгіленбеген.
Сонымен қатар 25 тамызда және 2-7 қыркүйек аралығында болған төтенше жағдайлар салдарынан алау қондырғысына апаттық газ шығарылған. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асқан. Бұған қоса, жоспардан тыс іркілістер мен жөндеу жұмыстары да тіркелген.
Жеке көздердегі өнеркәсіптік шығарындыларды аспаптық бақылау кезінде көміртегі тотығы, азот оксиді және азот диоксиді бойынша шығарындылар белгіленген нормадан асып кеткені белгілі болды.
Бұдан бөлек, автоматтандырылған шығарындыларды бақылау және қолайсыз ауа райы кезінде зиянды шығарындыларды азайту талаптары сақталмаған.
1 қазанда прокурор әкімшілік істерді қозғауға келісім беріп, материалдар сотқа жолданған. Сонымен қатар тексеру материалдары қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтау үшін құқық қорғау органдарына жіберілген.