Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағында өрт шықты

Бүгін сағат 12:35-те Атырау мұнай өңдеу зауытында жабық типтегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында өрт шықты.

Видеодан кадр/Atyrau Press

Астана, NEGE. Компанияның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тұндырғыштың ішіндегі мұнай қалдығы жанған. Оқиға кезінде нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

ТЖМ өрт кезінде адамдардың зардап шекпегенін хабарлады.

«25 тамызда сағат 12:55-те "112" пультіне Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Нысанның ерекшелігі ескеріле отырып, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына дереу жіберілді», – делінген төтеншеліктер таратқан хабарламада.

Зауыт аумағындағы өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметінен шамамен 65 адам мен 19 бірлік техника жұмылдырылған.

Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, кейін өрт толығымен сөндірілді.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Жағдайды мамандар бақылауға алған.

Еске салсақ, 25 тамызда Шымкент қаласының Еңбекші ауданындағы Қаратөбе тасжолында орналасқан газ құбырында өрт шығып, салдарынан жүк көлігі мен бұрғылау жабдығы өртенді.