Атырау МӨЗ-дегі шығарындылар дауы: кәсіпорын не дейді?

Атырау мұнай өңдеу зауыты өкілдері кәсіпорынға қатысты экологтар тексеру кезінде жасаған қорытындымен келіспей отыр.

anpz.kz

Астана, NEGE. Экология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан ақпаратта ЭЛТҚ-АТ-2 және ЭЛТҚ-АВТ-3 қондырғыларындағы жекелеген технологиялық пештерден бөлінетін шығарындыларға есептеу жүргізілмегені және шекті рұқсат етілген шығарындылар (ШРШ) нормативтері белгіленбегені айтылған.

Атырау МӨЗ бұл қорытындыны негізсіз деп санайды. Кәсіпорынның мәліметінше, қажетті есептеулер ШРШ жобасы аясында жүргізілген.

«Аталған шығарындылар көздері бойынша нормативтер Қазақстан Республикасында бекітілген әдістемелерге сәйкес белгіленген», – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Кәсіпорынның айтуынша, есептеулер кезінде отын газы, табиғи газ және пеш отынын жағудан шығатын заттар ескерілген. Зауыт осы есептеулерді растайтын техникалық және жобалық құжаттарды мемлекеттік органдарға ұсынуға дайын.

Сондай-ақ кәсіпорын қолайсыз метеорологиялық жағдайда шығарындыларды азайту жоспарына сай жұмыс істейтінін мәлімдеді. 

Ал 100 тоннадан астам газдың алау қондырғысында жағылуына қатысты мәселені кәсіпорын бұл өндіріс процесінің бір бөлігі екенін түсіндірді. 

«Газды алау қондырғысына жіберу – технологиялық процестің бір бөлігі және ол әдіс технологиялық қондырғылардың жұмысында ақаулар туындаған кезде қолданылады. Мұндай жұмыс режимі кезінде алау жүйесі газдың қауіпсіз жағылуын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді кәсіпорын.

Сонымен қатар 2026 жылғы 2–7 қыркүйек аралығында зауыттың санитариялық-қорғау аймағында күкіртсутек мөлшері белгіленген нормадан аспаған, деп сендірді АМӨЗ.

Атырау МӨЗ экологиялық талаптарды сақтап отырғанын және мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын айтты.

Кәсіпорын тексеруге қатысты барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін оның нәтижесіне сот тарапынан құқықтық баға берілуін күтпек.