23 сентября 2025 г. 15:55

«АТБ» + 3,7 миллиард рубль. Банк саласында Нұрсұлтан Назарбаевтың табысы НЕГЕ артып келе жатыр?

Фото: Фото: Nege.kz

NEGE порталы Нұрсұлтан Назарбаев иелік ететін ресейлік «АТБ» (Азия-Тынық мұхиты банкі) қаржылық көрсеткіштерін әр тоқсан сайын қадағалап отырады. Жақында банк биылғы жылдың алғашқы алты айы бойынша есебін жариялады. Биылғы жылы «АТБ» табысы былтырғыға қарағанда анағұрлым жақсы болмақ.

«АТБ» биылғы жарты жылда 8,83 миллиард рубль таза кіріс алды. Бұл – бүгінгі 6,5 бағамымен 57,4 миллиард теңге. Біздегі «Халық банк» сияқты алпауыттардың көрсеткішіне жетпесе де, төрт жыл бұрын банкрот болып, санацияға ұшыраған қаржы ұйымы үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.

Фото: "Азия-Тынық мұхит банкі" 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша есебі

Себебі, былтыр дәл осы кезеңде «АТБ»-ның таза кірісі 5,11 миллиард рубль болған еді. Осы жылдың алғашқы тоқсанында «Азия-Тынық мұхиты банкінің» пайдасы 3,8 миллиард рубль көрсеткенде, біз жыл қорытындысы бойынша таза кіріс 30 миллиард рубль шамасында болады деп топшылағанбыз. Енді жарты жылдықтың қорытындысы шыққандықтан, біз бұл болжамымызды 18 миллиард рубльге дейін түсіреміз. Бұл 117 миллиард теңге. Оның өзі «АТБ» үшін рекорд болайын деп тұр.

Биылғы жылдың жайлы болуы арқасында «АТБ» өзінде жатқан үлестірілмеген кіріс көлемін 29,36 миллиард рубльге жеткізді. Бұл – 190,8 миллиард теңге. Нұрсұлтан Назарбаев «АТБ»-ны 2021 жылдың аяғында Ресей Орталық банкі өткізген аукционда 14 миллиард рубльге сатып алған болатын. Ол төрт жылдың ішінде сатып алуға кеткен инвестициясын толық ақтады және оның үстінен 1/1 пайда, яғни 15 миллиард рубль көріп отыр.

Фото: Nege.kz

Ендігі басты әңгіме «АТБ» қашан дивиденд төлей бастайтынына қатысты болмақ. Банк МСФО стандарттары бойынша аудиттелген есептілігін көп жағдайда жарияламай, бухгалтерлік есеппен шектеледі. Сондықтан 2021 жылдан бері акционеріне, яғни Нұрсұлтан Назарбаевқа дивиденд төлегені бойынша ақпарат жоқ.

Баланстағы үлестірілмеген кірістің артып бара жатқанынан банктің әлі дивиденд төлемегенін анықтауға болады. Назарбаев үзіп-жармай бірден қомақты дивиденд алғысы келетін сияқты.

«АТБ» биылдан бастап Қазақстан қор биржасының мүшелігін алды. Енді біздің биржалық нарықта деривативтер, басқа да құралдар бойынша ақырындап белсенділігін арттырып келеді.

Қазақ капиталынан тұратын Ресей банкінің Қазақстан қор биржасына жақын болғаны заңды.

Сонымен бірге, NEGE дереккөзінің айтуынша, «АТБ» АҚШ санкциялары қаупінен толық арылған. Оған Назарбаевтың Вашингтондағы беделі мен қажет адамдармен байланысы ықпал еткені анық.