23 октября 2024 г. 12:00

«Аташка на миллион». Назарбаев НЕГЕ Ресейдің банк саласында сенсация жасады?

Фото: Фото: Nege.kz

Нұрсұлтан Назарбаев иелік ететін Ресейдің «Азия-Тынық мұхит банкі» 2024 жылдың бірінші жартысында 4,8 миллиард рубль таза пайда тапты. Бұл былтырғы жартыжылдықтан екі есе көп. Былтыр оның банкі 8,18 миллиард таза кіріс жасағанын ескерсек, биыл қожайыны пайда ретінде минимум 14 миллиард рубльді шытырлатып санап алуы мүмкін.

Ал Н.Назарбаевтың бұл банкті 2021 жылдың аяғында аукционнан 14 миллиард рубльге сатып алғанын ескерсек, ол үш жылдың ішінде банкті сатып алуға кеткен шығынды ақтап қана қоймай, оның үстінен 8 миллиард рубль, біздіңше 39,8 миллиард теңге таза пайда тауып отыр. Бизнеспен қалай айналысу керек екенін атамыз осылай көрсетіп жатыр.

Фото: "АТБ Банк" АҚ 2024 жылғы 6 ай бойынша есебі

«АТБ Банктің» негізгі табыс көзі – халыққа кредит беру. 2024 жылдың алты айында проценттік выручка 13,3 миллиард рубльді көрсеткен. Ал комиссиялық түсімі 3,4 миллиард рубль болды.

Банк активтері 39 миллиард рубльге өсіп, 249 миллиард рубльге дейін жетті. Міндеттемелері 214 миллиард рубльдің айналасында. Жеке капиталы 31 миллиард рубльге жетіп отыр.

Фото: Nege.kz

Биылғы жылдың басында АҚШ Қаржы министрлігіне қарасты OFAC «Азия-Тынық мұхиті банкін» санкция тізіміне енгізу мүмкіндігі туралы ақпараттың құлағы қылтиған еді. Алайда биыл «АТБ Банк» санкцияға ілінбейтін сияқты. OFAC бұл банкті Ресейдің шапқыншылық әрекетін қаржыландыруда жеткілікті рөл ойнамайды деп санайды.

Бірақ «АТБ Банк» көбіне юаньмен жұмыс істегендіктен, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес күшейсе, арнайы санкция құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың қазір жұрт тыныш кезде тез бизнес жасап, өзінің банкке салған ақшасын пайдасымен бірге шығарып қойғаны өте дұрыс. Бас акционер осыдан үш ай бұрын банк басшылығында біршама ауыс-түйіс жасады. Қазақ банкирі Мұрат Жәукеновтің орнына басқарма төрағасы қылып Мигель Маркарянцты отырғызды. Марат та, Мигель де банкке пайда әкеле алатынын көрсеткен. 

Барлығы жоспар бойынша жүретін болса, келесі жылдан бастап «Азия-Тынық мұхит банкі» Назарбаев иелік ететін «Pioneer Capital Invest» компаниясына жыл сайын кемінде 50-60 миллиард теңге дивиденд әкеле алады және мұның барлығы заңды. Банк ашық аукционда сатып алынғандықтан, оған ешкім тиісе алмайды.

Басқасын қайдам, біз «АТБ Банкті» Назарбаевтың ең сәтті инвестициясы деп айтуға әбден болады. Осылайша «қарапайым зейнеткер» мен деген біраз банкирді шаң қаптырып кетті.