Атақты әңгіме

Көпұлтты Қазақстанда бәрі көп. Дін көп, мін көп, сын көп. Дәулет көп, әулет көп, ашылып жатқан әурет көп. Ұры көп, қары көп, не керек, айтылған-айтылмағанның бәрі көп!

Тағы да бір көп нәрсе бар, ол – атақ!

Көпұлтты Қазақстанда саусағыңызды шошайтып қалсаңыз, атақты адамға тиеді. Тас лақтырып та әуре болмайсыз, өйткені, тастың бәрін атақты адамдар жиып алған. Аузыңызды ашып қалсаңыз періп жіберуі мүмкін...

Сонымен, бізде атақ көп. Тура аспаннан атақ жауып тұрған сияқты. Анау да алып жатыр, мынау да алып жатыр. Тіпті, «атағы құрысын, алмаймын!» дегендерге атақты мәжбүрлеп беріп жатыр. Мәселен, бізде атақты ақындар бар, атақты шенеуніктер бар, атақты ұрылар бар, сондай-ақ, атақты ауылдар бар.

 

Бізге шетелден атақ келеді, шет елге атақ кетеді. Тіпті, неше түрлі атақтар шетелге қашып кетеді. Қаласақ – атақ береміз, қаламасақ – атақты алып қоямыз! Атақтылар туылып жатыр, атақтылар өліп жатыр, ертең туылатын атақтыларды бүгін жасап жатырмыз. Атақты сатып алып жатырмыз, атақты саудалап беріп жатырмыз. Барлық салаға дағдарыс келсе де, атақ үлестіру саласының мұртын балта шаппай тұр.

Бізде түрмеде отырған атақтылар бар. Түрмеде отырмаған да атақтылар бар.  Жұмыс істейтін атақтылар бар, жұмыс істемей, бұйрық беріп қана отыратын атақтылар бар. Сосын, жұмыс істегендерді жұмыс істемейтіндерге жамандап баратын атақтылар бар...

 

Атақ үшін кейде Ібілістің өзін алдап соғамыз.

Елге қарап отырған атақтылар бар, елді қаратып отырған атақтылар бар. Аты емес, атағымен танымал адамдар да, атағын жария етуге ұялып жүргендер де бар. Атақ үшін ұрлап жатқандар, ұрлағаны үшін атақты болып жатқандар да баршылық.

Атақтылардың үйінен - атақтылардың зираты көп. Әуелі шатақ шығады, сосын артынан атақ шығады. «Кеңсайға» барсаң адамды емес, атақты жерлеп қайтқандай боласың...

 

Қызық. Кей кісілердің атағын алып қойсаң, тыр-жалаңаш қалатын сияқты көрініп тұрады.

Кей кісілер намысына тисең қыңқ етпейді, атағына тисең шоршып түседі.

Осылардың атын атап, түсін түстеп, бадырайтып тұрып жазсам – мен де атақты болып шыға келер едім...

Қанат ЕСКЕНДІР

Қазір оқып жатыр

Алматылықтардың мазасын алған тәжікстандық жасөспірімдер елден шығарылды

Түркістан облысында жалған айғақ беруге айдап салған адвокат сотталды

Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылды

Қазақстанның оңтүстігінде тұрғындар жер сілкінісін сезді