Ата-әженің немерелерімен араласуы туралы Заңда жаңа бап енгізіледі

Қазақстанда ата-мен әженің немересімен, сондай-ақ баламен оның әпке-бауырлары, өзге де туыстарының қарым-қатынас жасау құқығы енді 'Неке және отбасы' кодексінде арнайы баппен белгіленеді.

Алматы, NEGE. Бұл туралы Ашық НҚА порталында Оқу-ағарту министрлігі құжат жобасын жариялаған.

Оған сәйкес, "Неке және отбасы" кодексіне жаңа 73-1 бап енгізіледі. Толықтырылған 73-1-бапта «Атасының, әжесінің, бауырларының және басқа туыстарының баласымен қарым-қатынас жасау құқығы» деп аталады. 

«Аталар, әжелер, бауырлар, әпкелер және басқа туыстар баламен араласуға құқылы. Ата-аналар (олардың біреуі) баланың жақын туыстарына онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда, дауды ҚР Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді. Қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның шешімімен келіспеген жағдайда, дауды медиация тәртібімен немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын осы органның қатысуымен сот шешеді», - деп жазылған құжат жобасында.

Құжат жобасы 24 ақпанға дейін жария талқылауға ұсынылған.