10 февраля 2026 г. 18:17

Ата-аналарды әбігерге салған YAYA стартапы жабылды

Фото: nege.kz

2 жыл ғана жұмыс істеген қазақстандық YAYA стартапы қызметін тоқтататынын мәлімдеді. 

Астана, NEGE. Қазақстандағы үйірмелерге мен секцияларға жазылуға арналған YAYA сервисі жұмысын тоқтататынын ресми хабарлады

Соңғы айларда ата-аналар әлеуметтік желілерде сервистің жұмысына жаппай шағымданған. Олардың айтуынша, компания абонементтерді сатуды жалғастырғанымен, жиналған қаражатты балаларға арналған білім беру орталықтарына уақытылы аудармаған. Соның салдарынан кейбір орталықтар келісімшартты бұзып, балалар жоспарланған сабақтарға қатыса алмай қалған. 

Кейінірек стартап командасы қолданылған қаржылық модельдің тұрақсыз болғанын мойындады. Бағаны ата-аналарға қолжетімді ұстау үшін кейбір шығындарды компания өзі өтеп келген. Уақыт өте бұл тәсіл шығынды көбейтіп, қаржылық қысымға әкелген. Соның нәтижесінде бизнес тиімсіз болып, міндеттемелерді орындау қиындай түскен.

Соңғы екі айда команда жобаны қайта құрылымдаудың жолдарын қарастырып, инвесторлармен келіссөз жүргізгенін хабарлады. Кейін шектеулі қаржыландыру тартылып, клиенттер мен серіктестер алдындағы берешекті өтеу процесі басталған. Қосымшаның жұмысы уақытша тоқтатылып, барлық абонементтің мерзімі «қатырып» қойылған.

Компания мәліметінше, қолдау қызметіне күніне шамамен мыңға жуық өтініш түсіп, бұл өңдеу мерзімін ұзартып жіберген. 

Қазіргі таңда қаражатты қайтару рәсімі жалғасып жатыр. YAYA дерегіне сәйкес, 200-ден астам өтемақы өтініші өңделген, төлемдер кезекпен жүргізілуде. Стартап жабылғанымен, команда медиаторлардың қатысуымен барлық қаржылық міндеттемелерді орындауды жалғастыратынын мәлімдеді.