Астананың Триатлон саябағында көгалды өртеді деген күдікпен төрт жасөспірім ұсталды

Бүгін, 17 маусым күні Астананың Алматы ауданында орналасқан Триатлон саябағында таңертеңгі уақытта өрт шықты. Қалалық полиция департаменті көгалға өрт қойған деген күдікпен кәмелетке толмаған төрт бала ұсталғанын хабарлады.

Видеодан кадр/instagram.com/astanagramlive

Астана, NEGE. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео жарияланды. Бейнежазбадан балалар алаңының қызыл жалын мен қою қара түтінге оранғанын байқауға болады. Куәгерлер өртті өз күшімен сөндірмек болған, алайда онысынан ештеңе шықпаған.

Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер 25 шаршы метр аумақтағы өртті тезара сөндіріп, өрттен ешкім зардап шекпегенін хабарлады. 

Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, таңертең ерте уақытта саябақ аумағында жүрген төрт жасөспірім көгалға әдейі от қойған.

«Кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталды, олар полиция бөліміне жеткізілді», – делінген полиция хабарламасында.

Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұған қоса жасөспірімдердің ата-аналары да жауапкершіліктен босатылмайтыны мәлім болды. 

«Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта мамандар оқиғаның жай-жапсарын анықтап жатыр.