Астананың 55 жастағы тұрғыны әйелін пышақтап, артынша өзіне қол жұмсады
Әлеуметтік желіде Астана қаласындағы пәтерлердің бірінде ерлі-зайыптының өлі денесі табылғаны туралы ақпарат тарады. Қалалық полиция қызметі бұл ақпаратты растады.
Астана, NEGE. Ведомствоның баспасөз қызметі адам өлтіру және өзіне-өзі қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полиция мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, 55 жастағы ер адам 53 жастағы әйеліне пышақ сұғып алған, кейін өзіне қол жұмсаған.
«Алған жарақаттары салдарынан екеуі де оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық себебі мен мән-жайларын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізілуде», – деп мәлімдеді полиция өкілдері NEGE-ге.
Қазақстанда заң күшейгенімен, тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Жауапкершілік қатаңдатылып, қорғау тетіктері енгізілгенімен, отбасындағы зорлық фактілері әлі де қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы тақырыпта таяуда Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазымен болған сұхбатты ұсынған едік. Сұхбатта сарапшы мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын атап өтті.