28 июля 2023 г. 12:05

«Астананы жасыл қалаға айналдыру» тапсырмасы: Биыл 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызылады

Фото:

Мемлекет басшысының "Астананы жасыл қалаға айналдыру" тапсырмасын орындау мақсатында осы жылы 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарда бар, деп хабарлады Астана Урбанистика орталығының баспасөз қызметі. 

Астана, NEGE. Бұдан басқа, қала Әкімдігі Урбанистика орталығымен бірлесіп осы жылы іске қосылатын 104 тұрғын үй кешенін көгалдандыру жоспарларын қайта қарады.

Жоспарланып отырған жасыл желектер саны 2,5 есеге ұлғайды, нәтижесінде 100 мыңнан астам жасыл желектерді құрылыс салушылары отырғызады.

Жапырақты ағаштар мен көпжылдық бұталарды отырғызуға, тұрғын үй кешендерінің іргелес және аула аумақтарын сапалы абаттандыруға көп көңіл бөлінеді.

Президент таяуда өткен жиында елорданы жасыл желегі жайқалған қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген. Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімдігіне 3 жыл ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50%-ға жеткізуді тапсырды. 

"Сіздерге нақты міндет қоямын: алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек. Қала аумағында және оның маңайында 50 жерге заңсыз қоқыс төгілген. Бұл жерлер әлі күнге дейін тазаланбай жатыр. Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдігіне Экология министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені дереу шешуді тапсырамын", - деген еді президент өз тапсырмасында. 

Премьер - Министр Әлихан Смайылов елорда әкіміне көгалдандыру шараларын үдетуді жүктеген болатын. 

Сонымен қатар Астанада Жасыл белдеуде көшеттер саны артып, кәріз тазарту құрылысы салынады. Жыл сайын жасыл белдеудегі көшеттер саны артады. Мысалы, биыл тек жасыл белдеуде 500 мыңға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар және т.б.) отырғызу жоспарланып отыр. Тағы сондай көлемі – қаланың өзінде. Елорданың жасыл белдеуінің жалпы ауданы 15 мың гектар. 11,5 миллионнан астам ағаш пен 2 миллион бұта өседі. Қатты ағаш түрлеріне басымдық беріледі.

Тегтер: