21 сентября 2025 г. 14:21

Астанадағы жәрмеңкеде фермерлер 400 тоннадан астам өнім ұсынды

Фото: gov.kz

20-21 қыркүйек күндері Астанада Абай және Атырау облыстарының тауар өндірушілерінің кезекті өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Жәрмеңкеде Абай және Атырау облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ет, балық, сүт өнімдері, бакалея, көкөніс пен жеміс-жидектер сынды әртүрлі өнімдерді тікелей фермерлерден ұсынады. Бұл өз кезегінде азық-түліктің қолжетімділігін арттырып, отандық өндірушілерді қолдауға септігін тигізеді.

Атап айтқанда, өңірлік тауар өндірушілер шамамен 400 тонна өнім әкелген. Оның ішінде 140 тонна ет және ет өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 70 тонна бал, 50 тонна бақша өнімдері, 25 тонна балық, 15 тонна сүт өнімдері және шамамен 20 тонна өзге де азық-түлік өнімдері бар.

Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтары өнімдерді фермерлерден тікелей сатып алып қана қоймай, өңірлік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаны тамашалай алады. Жәрмеңке сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Айта кетейік, биылғы жылы жәрмеңке Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайы бойынша орналасқан «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтуде. Сондай-ақ, жәрмеңке күндері елорда тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін №18, 37 және 303 бағытындағы автобустар қатынауда, бұл іс-шара өтетін орынға қолайлы жетуге мүмкіндік береді.