29 июня 2025 г. 16:33

Астанадағы саябақта «Заң және тәртіп» атты фотокөрме өтіп жатыр

Фото: Астана әкімдігі

Астананың орталық саябағындағы «Атырау» көпірінің жанында «Заң және тәртіп» атты ерекше фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Алматы, NEGE. Көрмеде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті еңбегіне арналған ондаған фотосурет қойылған.

Экспозицияны ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдастырып отыр. Оның мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын нығайту, құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыру және қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау. Көрменің салтанатты ашылуына ерекше реңк берген – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының үрмелі оркестрі орындаған музыкалық композициялар.

Көрмеге қойылған фотосуреттердің басым бөлігі – ІІМ сәуір айында жариялаған фотобайқау нәтижесінде жиналған жұмыс. Байқауға еліміздің әр өңірінен шамамен 100 фотосурет келіп түсті. Әр сурет – учаскелік инспекторлардың, патрульдік полиция қызметкерлерінің, құтқарушылар мен қызметтік иттердің өмірінен алынған шынайы оқиғалар. Олар күн сайын заңдылық пен қауіпсіздік күзетінде тұр.

Фотосуреттерде құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмыс барысы бейнеленген: тасқын салдарын жою, орман өртін сөндіру, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қадағалау, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе балаларды қорғау мен алдын алу шараларына ерекше мән берілген, яғни аулалардағы қауіпсіздік пен білім ордаларындағы іс-шаралар көрініс тапқан.

«Полицияның жұмысы – тек қылмыскерлерді ұстау емес. Олар – төтенше жағдайдағы көмек, тыныштықты күзету, адамдардың өмірін сақтау. Біз осының бәрін камера объективі арқылы көрсеткіміз келді. Көрмеге азаматтардың қызығушылығы күткенімізден де асып түсті. Біз мұнда екі сағаттан астам уақыт болдық, осы аралықта адамдар легі бір сәтке де тоқтаған жоқ. Бұл тақырыптың жұртқа жақын екені байқалады. Адамдар тоқтап, сұрақтарын қойып, эмоцияларын бөлісіп жатыр», — деді ҚР ІІМ Ақпараттық саясат департаменті басшысының орынбасары Динара Сағандықова.

Көрмеге келгендер арасында туристер де болды. Олар бұл шараға кездейсоқ тап болған.

«Біз Омбыдан келдік, қаланы аралап жүріп, музыка үнін естіп қалдық. Жақын келсек, осындай керемет көрмеге тап болдық, таңғалдық. Фотосуреттер, оркестр, жалпы атмосфера – бәрі ерекше әсер қалдырды. Мұндай шараны көргенімізге өте қуаныштымыз», – деді шара қонақтары.

Фотокөрме күн соңына дейін жалғасады және ниет білдірушілер емін-еркін көре алады.