Астанадағы салтанат қақпасы жанында балағат сөз айтқан шетелдік айыппұл арқалады

Астанада «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы жанында әдепсіз сөздер айтып, бейнежазба түсірген 25 жастағы қызға айыппұл салынды.

Видеодан кадр/polisia.kz

Астана, NEGE. Астаналық полиция қызметкерлері бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг кезінде анықтаған.

Бейнежазба Астанадағы Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан салтанат қақпасының аумағында түсірілген. Кейін ол TikTok желісіне жарияланған.

Видео авторы – Ангелина Ванина шетел азаматы екені белгілі болды.

«Ангелина Ванинаға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар жинақталды. Сот шешімімен оған 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды».

Полицейлер тұрғындарды қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіп нормаларын сақтап, әдепті мінез-құлық танытуға шақырады. Сондай-ақ құқыққа қайшы немесе қорлайтын мазмұндағы контентті жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда әйелді балағаттаған Канада азаматы бес тәулікке қамалғанын жазған едік.