Астанадағы MEGA Garden маңынан пәтер алу қаншалық тиімді?

Астананың сол жағалауында жаңа MEGA Garden жобасының құрылысы басталмақ. Бұл ақпарат жарияланғаннан кейін елордалықтар аталған аудандағы тұрғын үйлерге қызығушылық таныта бастады. Осы маңнан пәтер алуды жоспарлап жүргендер нені ескеруі керек?

nege.kz коллажы

Астана, NEGE. Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы, риэлтор Руслан Катиенов алдымен бұл аумақтың әлеуетіне қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, жаңа нысан ауданды жай ғана тұрғын аудан емес, керісінше, бизнес шоғырланатын әрі туристерді тартатын орталыққа айналдырмақ.

«Құрылыс басталған сәттен бастап сұраныс бірден күрт артпайды, бірақ кезең-кезеңімен, құрылыс барысына қарай өседі. Себебі бұл жер болашақта тек тұрғын аудан болып қалмай, адамдар мен туристер ағылатын, тіршілік қайнайтын орталыққа айналады. Үлкен сауда орталығының маңында шағын және орта бизнес те көбейеді. Мұның бәрі бұл аумақты “тартылыс нүктесіне” айналдырады», – дейді сарапшы.

Катиеновтің сөзінше, қазір бұл маңда бір шаршы метрдің бағасы шамамен 400 мың теңгеден басталады. Алайда алдағы бір-екі жылда баға екі есеге дейін көтерілетін көрінеді.

«Ең бірінші пәтер бағасына жаңа сауда орталығының құрылысы әсер етпек. Ол адамдар ағынын қалыптастырады. Одан кейін LRT, яғни көлік қолжетімділігі маңызды. Ал әуежайдың жақындығы үшінші орында. Бұл фактор да бар, бірақ шешуші рөл атқармайды»,  деп нақтылады ол.

«Бұл аумақтағы тұрғын үйлерден пәтерді қазір сатып алған дұрыс па, әлде күте тұрған жөн бе?» деген сұрақ та көптің көкейінде. Осыған байланысты сарапшы баспананы қазір сатып алуға кеңес береді.

«Қазір нарық біршама баяулаған. Сол себепті құрылыс компаниялары түрлі акциялар мен жеңілдіктер ұсынып жатыр. Қайталама нарықта да қаржыға мұқтаж сатушылар бар. Осындай сәтте ұтымды ұсынысты іліп әкетуге болады», дейді маман.

Алайда пәтерді жалға беру үшін алғысы келетіндер бір жайтты ескергені дұрыс. Руслан Катиеновтің айтуынша, алғашқы жылдары бұл ауданда жалға беру қарқыны жоғары болмауы мүмкін. Себебі инфрақұрылым әлі толық дамымаған, ал көлік қатынасы әлсіз.

Қазір оқып жатыр

Қызылшаға қарсы екпе алғандар да ауырып жатыр: елде 6 мыңға жуық жағдай тіркелді

Желтоқсан қатысушыларын балағаттаған алматылық әйелге қатысты іс қозғалды

Ақтауда өзіне қол салды деген келіншектің өлімін қайта тергейді

Назарбаевтың тоқалы Әсел Исабаева көпшілік алдына қайта шыға бастады