Астанадағы медицина университетіне көрнекті ғалым Төрегелді Шармановтың есімі берілмек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана медицина университетіне» ұлттық университет мәртебесін беріп, жоғары оқу орнын отандық тағамтану ғылымының негізін салушы, Қазақстанның Еңбек ері Төрегелді Шармановтың есімімен атауды ұсынды.

amu.kz

Астана, NEGE. Ақордада медицина қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында Президент салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру туралы бастаманы құптайтынын жеткізді.

«Астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса Мемлекет басшысы медициналық оқу орнына ұлттық университет мәртебесін беру жөніндегі бастаманы қолдайтынын айтты.

«Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған "Астана медицина университеті" цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді. Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды медицина университетіне оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар басқарған Петр Поспеловтің есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдады.