Астанадағы фельдшер қазасы: прокурор МИБ басшысының бас бостандығын 2 жылға шектеуді сұрады
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасы бойынша өтіп жатқан сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор сотталушы – Мүлік иелері бірлестігінің басшысы Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп танып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Астана, NEGE. Мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікованың мәлімдеуінше, 2025 жылғы 8 қарашада тұрғын үйдің қасбетіндегі қаптама кірпіштер опырылған. Соның салдарынан үйінді астында қалған Гүлнәр Қалиеваның денсаулығына орташа, ал Жангелді Қалиев пен Айнұр Нұрпейісованың денсаулығына ауыр зиян келген.
Оқиға орнына зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадасы жеткен. Фельдшерлер Ұлдана Мырзуан мен Ділназ Байзақова зардап шеккендерге көмек көрсетуге жақындаған кезде қасбет тағы опырылған.
Ділназ Байзақова дене жарақатын алған. Ал 23 жастағы Ұлдана Мырзуан өте ауыр ашық бас-ми жарақатын алып, кейін медициналық мекемеде қайтыс болған.
Прокурор сотта Жұбаниязованың міндеттері, оның әрекетсіздігі және осы әрекетсіздік пен болған зардаптар арасындағы себеп-салдарлық байланыс дәлелденгенін атап өтті.
Бұл ретте прокурор МИБ басшысы ғимараттың кірпіш қаптамасын өзі жөндеуге немесе тоғызыншы қабатқа өз бетімен көтерілуге міндетті болмағанын атап өтті. Алайда ол ортақ мүліктің қауіпсіз жағдайда сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті болған.
«МИБ басшысы нысан жағдайы адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін деңгейге жеткенше күтпеуі керек. Дұрыс басқару дегеніміз – проблемаларды алдын ала анықтап, салдары туындамай тұрып қажетті шараларды қабылдау. Оның өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамауы да осыдан көрінеді», – деді прокурор.
Оның айтуынша, сотталушы қасбетті тиісті деңгейде тексеруді ұйымдастырмаған, соның салдарынан қауіпті учаскелер анықталмаған.
Прокурор сонымен қатар қаза болған фельдшер кондиционерден емес, ғимарат қасбетінің қаптама бөлшектерінен жарақат алғанын атап өтті.
Прокурордың айтуынша, үй пайдалануға берілгеннен кейін оны тиісті жағдайда ұстау, тексеру және ағымдағы әрі күрделі жөндеуді ұйымдастыру міндеті пәтер иелері мен кондоминиумды басқару органына жүктелген.
Мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова Жұбаниязованың кінәсі қасақана емес, абайсыздықтан, нақтырақ айтқанда немқұрайлылық түрінде болғанын атап өтті.