Астанадағы ең танымал монша тағы да сатылымға шығарылды
Астананың сол жағалауындағы ең танымал «Керемет» монша кешені тағы да сатылымға шығарылды.
Астана, NEGE. Қазақстан аумағындағы ең қымбат нысандардың ондығына кіретін «Керемет» монша кешені бұл жолы 5 млрд теңгеге бағаланған. Бұл туралы тілшіміз хабарландыруда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып білді.
Хабарландыруда ғимараттың жалпы ауданы – 18 000 м² екені көрсетілген. Төрт қабатты моншаға бір мезетте 600 адамға дейін сыяды. Жер учаскесінің аумағы – 2 гектар.
Хабарландыруда нысанның инвестициялық тұрғыдан тартымды, дайын әрі жұмыс істеп тұрған, өзін-өзі ақтайтын бизнес екені айтылады.
«Оның танымал бренді мен келушілер ағынының көптігі тұрақты табыс әкеледі, ал реконструкция жүргізу және қызмет түрлерін кеңейту арқылы табысты одан әрі арттыруға мүмкіндік бар», – деп көрсетілген хабарландыруда.
«Керемет» моншасы 2008 жылы елорданың басты магистральдарының бірінің бойында салынған.