Астанада су тапшылығы қашан шешімін табады? – қала әкімі жауап берді
Астана қарқынды түрде дамып жатыр. Десе де шешімін табуға тиіс күн тәртібінде тұрған келелі мәселелелер бар. «Власть» интернет-журналына сұхбат берген қала әкімі Жеңіс Қасымбек өңір дамуы жолында алда атқарылуға тиіс жұмыстармен бөлісті.
Астана, NEGE. Қала мэрінің айтуынша, негізгі проблема көші-қон мәселесімен байланысты болып отырса керек. Бүгінгі таңда елордада 1,5 млн дейін адам тұрып жатыр. Тек соңғы үш жылда қала тұрғындарының қатары 200 мың адаммен толыққан. Сонымен бірге аймақта табиғи өсім, яғни бала туу көрсеткіші де жоғары. Сондай-ақ өзге аймақтардан келетіндер де көп. Осы ретте бірінші мәселе тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету болып табылатыны анық. «Біз бизнестің дамуына, кәсіпорындардың құрылуына, медициналық нысандардың салынуына жағдай жасаудамыз. Бұл – ең маңызды мәселелердің бірі. Халық табысының өсуі де осыған байланысты. Одан әрі біз тұрғындарға әлеуметтік жағдай жасауымыз керек. Қалада жұмыс істейтіндердің дені – 30-40 жастағылар, олардың кем дегенде екі-үштен балалары бар, біз оларды мектеппен, балабақшамен, емханамен, ауруханамен және т.б. қамтамасыз етуіміз керек» – дейді әкім.
Ал үшінші мәселе – бұл инженерлік инфрақұрылым. Мәселен, қалада тұрғындар саны артқан сайын жылу, су, және кәріз қызметтерін тұтыну артатыны белгілі. Осы орайда әкім сорғы-сүзу станциясының жұмысына тоқталып өтті. Қазіргі таңда Астана су қоймасынан келетін желілері бар тиісті инфрақұрылым салынуда. «Бұл жарты жылда немесе бір жылда бітетін шаруа емес. Егер осыдан үш жыл бұрын жобалау, құрылыстың басталуы қолға алынбаса, біз бүгін шынымен қиын жағдайға тап болар едік. Үш жыл бұрын әкімдік өте дұрыс шешім қабылдады. Әрине, халық санының өсетіні алдын ала белгілі еді, бірақ осынша көлемде өседі деп ешкім ойламады. Сондықтан біз бұл жобаны аяқтаймыз, жазда су тапшылығы толығымен жойылады»,– деп түсіндірді әкім.
Қазіргі таңда Үкімет өңірді сумен қамтамасыз етудің бірнеше нұсқаларын қарастырып жатса керек. Осы орайда төртінші станцияны жобалау жұмыстары басталған. Сорғы-сүзу станциясының іске қосылуы аяқталғаннан кейін, шамамен жаздың аяғында қаладағы су қысымының барлық тапшылығы толығымен жойылады деп күтілуде. «Бұл ретте бізде орта есеппен 80-85 мың текше метр профицит қалады деп отырмыз, бұл барлық жобаларды шамамен 3-4 жыл мерзімде іске асыруға және тапшылықты сезінбеуге мүмкіндік береді» – дейді Жеңіс Қасымбек.
Сондай ақ қала әкімі жылу мәселесі де осылай шешілетінін алға тарып отыр. Мәселен, ЖЭО-3-тің бірінші кезеңін және екі газ-жылу станциясын іске қосу арқылы берілетін жылу 1000 гигакалориядан асады деп жоспарланған. «Бұл – өте ұзақ мерзімге жететін қор. Сонымен қатар, келесі жылы біз үшінші газ жылу станциясын аяқтаймыз, бұл қаланы қосымша 300-400 гигакалориямен қамтамасыз етеді» – дейді.
Елордада тұрғын үй құрылысы да жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы шамамен 3 миллион шаршы метр үй тұрғызылды. Олардың орташа квадраты – 70-75 шаршы метрден деп есептесек, бұл көрсеткіш шамамен 35 мың пәтер санын білдіреді. Қала басшысы биыл да құрылыс қарқыны бәсеңдемегенін айтты. Оның бәрі тек қабылданған жоспар аясында жүзеге асырылмақ.