Астанада «Біз Біргеміз Fest» қайырымдылық концерті өтті
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған концерт Балалар жылы аясында ұйымдастырылды.
Астана, NEGE. Фесттің басты қонағы болған әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген қайырымдылық концертін қолдап келген көрерменге ыстық ықыласын білдіріп, қазіргідей қиын жағдайда айналаға тек мейірім мен ізгілік шуағын таратуға шақырды.
–Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Жүректеріңіздегі жылуға тәнтімін, мейірімдеріңізге разымын. Осынау үлкен қайырымды істі қолдап келіп отырған сіздерге алғысым шексіз. Көп рақмет бәріңізге, – деді Димаш.
Фестиваль барысында көру мүмкіндігінен айырылған әнші Кенжебек Нұрдолдайға Алматы қаласынан 2 бөлмелі пәтер кілті, елордалық жалғызбасты ана Әсел Омароваға Астана қаласынан 1 бөлмелі пәтер кілті табысталды.
–Біздің қорымыз үш жылдан бері мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесумен айналысып келеді. Бізге сол талантты жандардың өз қабілеттерін дамытуына жағдай жасау керек. Бүгінгі шараны демеушілердің көмегімен өткізіп жатырмыз. Билеттен түскен қаржының бәрі қайырымдылық бағытында, медициналық орталықтың құрал-жабдықтарын алуға жұмсалады, – деді ол.
Концерт аясында Кенжебек Нұрдолдай, SENSITIVE би тобы, Севда Алиева, Алтыншаш Мұқатаева сынды ерекше қажеттілігі бар музыканттар мен бишілер өнер көрсетті.
Бұл ауқымды іс-шараны Biz Birgemiz Qazaqstan қоры Астана әкімдігімен бірігіп ұйымдастырды.