Астанада биыл 11 мектеп қолданысқа беріледі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Atameken business телеарнасында Астананың дамуы және әлеуметтік мәселелер тақырыбында берген сұхбатында мектеп мәселесі қалай шешіліп жатқаны түсіндіріп берді.

Астана, NEGE. «Қосымша оқу орындарын, мектептер ашу қажет. Қазір әкімдік 14 мектепті салып жатыр. Оның 11-ін биыл аяқтап, қолданысқа береміз. Сол сияқты жекеменшік мектептер де салынып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Жайлы мектеп” бағдарламасын жариялады. Оның аясында биыл Астанада 24 мектептің құрылысы басталады. Алдағы екі-үш жылдың ішінде 40 мектеп салынады. Ол 100 мың оқу орнын ашады», - деді әкім.

Жеңіс Қасымбек сұхбат барысында жыл сайын кемінде 10 мектеп салу әкімдіктің міндеті екенін айрықша атап өтті.

«Қалада жыл сайын мектепке 25-26 мың бала бірінші сыныпқа барады. Ал мектепті 7-8 мың бала бітіреді. Аралығы 17 мың. Бұл жыл сайын мектепке баратын балалар саны артып жатқанды көрсетеді. Кем дегенде 10 мектеп салуымыз міндет. Оған қауқарымыз жетеді. Мектепті салғаннан кейін кадр мәселесі бар. Бұл жұмыс басталып кеткен. Біздің жоспар бойынша 2024-2025 жылға дейін 7 мың педагог қосымша болады», - деді қала әкімі.