Астанада жас жігіт полиция қолынан қаза тапты: туыстары тергеу барысына шағымданды
Марқұмның туыстары күдіктілер арасында Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметкері бар екенін, олар таныстарының арқасында жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды.
Астана, NEGE. Кісі қолынан қаза тапқан 18 жастағы Әди Чукеевтің жақындары Newtimes басылымына берген сұхбатында оқиғаның мән-жайын баяндап, тергеуге қатысты күдігін жеткізді.
Марқұмның ағасы Жанаттың айтуынша, қайғылы оқиға желтоқсанның 26-нан 27-не қараған түні болған. Сол түні Әди досымен бірге BHB түнгі клубына барған. Клубта ол екі жігітпен сөзге келіп, жанжал соңы төбелеске ұласқан. Ағасының сөзінше, әлгі жігіттер Әдиді есінен танып қалғанша басынан ұрып, тепкілей берген. Ал досының жағы сынған. Оқиғадан кейін, туысының айтуынша, күдіктілер қайтадан клубқа кіріп, демалысын жалғастырған. Әди болса жедел жәрдем көлігінде миына қан құйылу салдарынан көз жұмған.
Сұхбат барысында Жанат қайғылы оқиғадан кейін екі айға жуық уақыт өтсе де, тергеу тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын айтады. Тергеушілер айғақтардың «жоғалғанын» немесе сапасының төмен екенін алға тартқан.
«Қазір оларға 106-бап бойынша айып тағылып отыр. Олар (полиция қызметкерлері) оны ең көбі 2–3 жыл жаза көздейтін бапқа ауыстырғысы келеді. Біз олардың Астанада мейрамханалары, жылжымайтын мүліктері бар екенін білеміз – дәулетті адамдар. Куәгерлердің айтуынша, полиция департаментіне келгенде күдікті Медеттің әкесі адвокатымен келіп, істің не жөнінде екенін бірден түсініп, тергеушімен келісуге тырысқан», – дейді Әдидің ағасы.
Жанаттың айтуынша, клуб маңындағы бейнебақылау камераларының жазбалары әлі күнге дейін негізгі дәлел ретінде танылмаған – тергеу олардың сапасының төмен екенін алға тартқан, дегенмен куәгерлер ұсынған бейнежазбалар бар.