Астанада вокзалдағы асхананың төбесі опырылып түсті

«Қазақстан темір жолы» өкілдерінің хабарлауынша, оқиға 28 маусым күні таңғы уақытта орын алған. Бұл кезде, куәгерлердің айтуынша, асханада 8-9 адам болған.

видеодан кадр

Астана, NEGE. Астана вокзалы аумағындағы «Етас» ЖШС-ға қарасты асхана төбесінің бір бөлігі опырылып құлаған. Желіде оқиға орнынан видео жарияланды.

Апатты жағдайдан кейін вокзалдың медициналық пунктіне екі адам жүгінген. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, зардап шеккен адамдар жедел жәрдем шақырудан бас тартқан.

«Оқиға фактісі бойынша вокзал бастығының кезекші көмекшісі тиісті акт толтырды», – деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Компания өкілдерінің айтуынша, төбесі опырылған асхана ескі теміржол вокзалы ғимаратының басқа кәсіпорынның жеке меншігіндегі бөлігінде орналасқан. Ғимарат бұл бөлігі 2002 жылдан бері жалпы аумағы 2371 шаршы метр болатын нысанды сатып алу-сату шарты негізінде «Ертас» ЖШС-нің меншігіне өткен.

Бұған қоса «ҚТЖ» өкілдері мүлік жекешелендірілгендіктен, компанияның аталған қатысты шешім қабылдауға құқығы жоқ екенін атап өтті.