6 июля 2025 г. 11:21

Астанада Ұлттық домбыра күніне орай гала-концерт өтеді

Фото: ғаламтордан

Бүгін, 6 шілде күні Астанада Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік гала-концерт өтеді. Шараны «Алтын домбыра» ұлттық өнер мектебі мен «Жастар» сарайы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

АСТАНА, NEGE. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту, олардың бойына отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті дарыту. Сонымен қатар, өнерге бейімделу арқылы көркемдік талғамын қалыптастырып, қазақ өнеріне деген қызығушылықты арттыру көзделген.

Кеш барысында көрермендерге арнайы жарықтық композициялар мен LED экранда алтын домбыра туралы бейнероликтер ұсынылады. Сондай-ақ, жанды дауыста аспаптық сүйемелдеумен (бэнд) өнер көрсетіледі.

Гала-концертте Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші Ибрагим Ескендір, Мәди Сыздықов, «Алтын домбыра» өнер мектебінің ұстаздары мен дарынды шәкірттері, сондай-ақ «Жастар» сарайының «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Кеште қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлері орындалады.

Айта кетейік, мереке құрметіне орай Астанада отшашу жоспарланған.